Skip to content

«Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» тақырыбындағы өнер фестивалі

Жылдағы дәстүр бойынша қаламыздағы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты мектептерде өнер фестивалі жалғасын табуда. Фестивальдің мақсаты: жас таланттардың шығармашылық жұмысын қолдау, жастар бойындағы өнердің дамуына, өркендеуіне қолдау көрсету, талантты жастарды сахна төріне шығару, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге, сүюге, қастерлеуге тәрбиелеу, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тарихымызды насихаттау, жастарымыздың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру. «Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» тақырыбындағы өнер фестивалі Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде 2023 жылдың 21 ақпан күні бекітілген ереже бойынша ұйымдастырылды. Фестиваль ережесі бойынша барлық жанрлар қамтылып, әрбір қойылым кезінде сахна тақырыпқа сай безендірілді. «Көрме және қолөнер бұйымдары» жанры бойынша мектеп фойесінде оқушының жеке өзі жасаған шығармашылық бұйымдары, оқушы мен ұстаздың біріккен композициялық жұмыстары бойынша көрме ұйымдастырылды. Фестиваль барысында талантты, дарынды оқушыларымыз өнердің хор, вокал, ән мен би, сахналық көрініс, дуэт, трио, квартет, сатира-юмор, эстрада жеке орындаушы, халық аспаптар ұжымы, көркем сөз және күй жанрлары бойынша өз өнерлерін көрсетті. Концерттік бағдарлама «Дархан дала» хор әнімен ашылды. Сахналық қойылымда оқушылар рөлдерді аса шеберлік және дарындылықпен «Бабалар аманаты» қойылымын орындап шықты. Мектебіміздің көркемсөз оқуды ұнататын оқушылары патриоттық мазмұндағы өлеңдерді қазақ, орыс, өзбек және ағылшын тілдерінде тебірене оқыды. Мың бұралған биші қыздарымыз бен бастауыш сынып бүлдіршіндері би билеп, әуелеген әсем әндер шырқалды. Актерлық қабілеті бар оқушыларымыз сатира-юмор жанры бойынша қойылым қойып, әділқазылар алқасын күлкіге бөлеп, көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Концерттік шара оқушылар триосының орындауындағы «Біз біргеміз» әнімен қорытындыланды. Фестиваль соңында сөз алған «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Саметов Емен мырза оқушылар сахналаған көріністердің жалпы құрамы мен тұтастығы, музыкалық орындау дағдылары, сахна мәдениеті, оқушылардың ұлттық аспаптарда шеберлікпен орындау қабілеттерін атап өтті. Өнер фестивалінің осындай жоғары дәрежеде өтуіне басшылық жасаған мектеп директоры Дильбар апай Дийметоваға, талантты оқушыларды дайындаған жетекшілеріне және мектеп ұжымына алғысын білдірді. «Әрбір бала жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет» деп, Жүсіп Баласағұн атамыз айтқандай әрбір баланың жарқырауына көмектесу міндетіміз. Шәкірттеріміздің талаптарына нұр жаусын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *